Қазақстан құрамасы Қытайдың Гуйян қаласында өтетін World Boxing Әлем кубогы кезеңіндегі алғашқы жүлдесіне жарыс басталмай тұрып-ақ қол жеткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсетін қазақстандық Валерия Аксёнова турнирді бірден жартылай финалдан бастайды. Осылайша, ол кем дегенде қола жүлдеге ілігіп отыр.
Финал жолдамасы үшін қазақстандық боксшы Өзбекстан өкілі Рухшона Парпиева мен Франция спортшысы Давина Мишель арасындағы ширек финалдық жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.
Еске салайық, World Boxing ұйымының Әлем кубогы кезеңі Қытайдың Гуйян қаласында 15-21 маусым аралығында өтеді. Додаға әлемнің әр түкпірінен келген үздік былғары қолғап шеберлері қатысады.
Қазақстан намысын турнирде 17 боксшы қорғайды. Олардың қатарында тоғыз ер және сегіз әйел спортшы бар.
Айта кетейік, сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстан құрамасы жеті жүлде жеңіп алған болатын. Оның үшеуі алтын, біреуі күміс және үшеуі қола жүлде болды.
Турнир чемпиондары атанғандар қатарында Виктория Графеева (60 кг дейін), Сұлтанбек Айбарұлы (85 кг дейін) және Валерия Аксёнова (+81 кг) болды. Аида Әбікеева (65 кг дейін) күміс иеленсе, Диас Молжігітов (80 кг дейін), Алуа Балқыбекова (51 кг дейін) және Жібек Жарасқызы (80 кг дейін) қола жүлдеге қол жеткізді.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Бразилия мен Қытайдан кейін үшінші орынға тұрақтаған еді.