Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жолдас Жеңісовтің (9-1, 4 KO) келесі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
BoxRec.com мәліметінше, жекпе-жек 1 ақпанда Ақтау қаласында өтеді. Жеңісовке қарсы рингке жеңіліс көрмеген өзбекстандық боксшы Фазлиддин Каттакулов (2-0, 0 KO) шығады. Айқас жартылай жеңіл салмақта өтеді және 10 раундқа жоспарланған.
Бұл кездесу Жолдас Жеңісов үшін былтыр маусым айынан бергі алғашқы жекпе-жек болмақ. Ол кезде Жолдас Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен WBC Гран-приіне қатысып, 1/8 финалда америкалық Трой Нэштен (6-0-1, 1 KO) төрешілер шешімімен жеңілген еді.
Ал Фазлиддин Каттакулов бұған дейінгі кәсіпқойдағы екі жекпе-жегін Өзбекстан аумағында өткізген. Ақтауда өтетін бұл айқас оның шетелдегі алғашқы өнер көрсетуі болмақ, бұл жекпе-жекке деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсуде.
Жарнама