Қазақ нокаутшы Батыр Жүкембаев аз уақытта әлем чемпионы титулы үшін айқасады

Сурет: Eye of the Tiger Management

Бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық Батыр Жүкембаевтың (18-0, 14 КО) әлем чемпионы титулы үшін айқасуына аз қалды,- деп хабарлайды Vesti.kz.

Primerahora.com мәліметінше, Батырдың келесі қарсыласы пуэрторикалық "Browny" лақап атты Сабриэль Матиас (16-1, 16 КО) болуы ықтимал. Жекпе-жек мамырға жоспарланған.

 Жүкембаев - Матиас жекпе-жегінің жеңімпазы IBF рейтингінде екінші орынға көтеріліп, Льюис Ритсон (21-1, 12 КО) - Йеремиас Понсе (27-0, 17 КО) кездесуінің жеңімпазымен жұдырықтасуға мүмкіндік алады. Осы екі кездесудің жеңімпаздары арасындағы жекпе-жекте жеңген боксшы бірінші жартылай орта салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулына міндетті үміткер атанады. 

Жүкембаев рингке соңғы рет биыл қаңтарда шығып, Монреальда мексикалық Рикардо Лараны (22-8, 10 КО) нокаутпен жеңген болатын. Бұл кездесуде ол бірінші жартылай орта салмақта WBA Continental Americas және IBF Inter-Continental титулдарын қорғаған еді.