Қазақстандық боксшы Жалғас Өтебеков Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы бокстан Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында қазақстандық спортшы Қытайлық Тайбэй боксшысы Жуи-Хси Куомен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Кездесу басталғаннан кейін бір жарым минут өткенде Жалғас Өтебеков қарсыласын денесінен ұрған жойқын соққымен нокаутқа түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Осылайша, қазақстандық боксшы Азия чемпионатының жартылай финалына шығып, кем дегенде қола жүлдені өзіне қамтамасыз етті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасынан Әділ Асканбай (50 кг), Едіге Нұрғожа (55 кг), Ақжүрек Қалабай (65 кг), Бибарыс Әшірбай (70 кг), Тимур Тайбеков (80 кг) және Руслан Ахметов (85 кг) және 90 келіден аса салмақта Владислав Саможонов жартылай финалға жолдама алды.
Ал Досжан Мұқажан (60 кг) мен Хамза Мақсатұлы (75 кг) ширек финалдық кезеңнен аса алмады.
Жарнама