Таиландтың Бангкок қаласында бокстан жастар (U-19 және U-22) арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Турнирдегі алғашқы жекпе-жегін қазақстандық боксшы Нұрзат Оңғаров өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Оңғаров индонезиялық Вики Тахумилмен жұдырықтасып, төрешілердің бөлек шешімімен жеңіліп қалды. Айта кету керек, бұл айқастың бірінші раундында Нұрзат қарсыласын нокдаунға түсірген еді.
Жарыстың бірінші күні Қазақстан құрамасы сегіз кездесу өткізіп, оның алтауында жеңіске жетіп, екеуінде жеңілді.
Ал турнирдің екінші күні Виктория Байдукова мен Томирис Мырзақұл өз жекпе-жектерін өткізіп, қарсыластарына жол берді.
Азия чемпионаты 1–11 тамыз аралығында өтеді және бұл – World Boxing ұйымы ұйымдастырған алғашқы құрлықтық жастар жарысы. Турнирге 25 елдің ұлттық құрамалары қатысуда.