Бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Дастан Садуұлы кәсіпқой рингтегі 17-жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ол Ресейдің Орынбор қаласында өткен бокс кешінде жергілікті Габил Мамедовпен (1-0, 0 КО) кездесті.
Бірінші жартылай орта салмақтағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған еді. Алайда боксшылар белгіленген уақыт толық жұдырықтасқан жоқ. Садуұлы бірінші раундтың өзінде нокдаунға түсті.
Жекпе-жектің шешуші сәті екінші раундта болды. Мамедов қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.
Осылайша, Дастан кәсіпқой карьерасында бесінші жеңілісіне ұшырады. Оның еншісінде 12 жеңіс бар, барлығын нокаутпен аяқтаған. Ал Мамедов кәсіпқой рингтегі екінші жекпе-жегінде жеңіске жетті.
Мамедов - әуесқойда 2024 жылғы Еуропа чемпионы, 2017 жылғы Еуропа чемпионаты мен 2019 жылғы Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, Ресейдің бес дүркін чемпионы. Сонымен қатар оның IBA.PRO аясында екі жеңісі бар.
Жарнама