Қазақстандық боксшы Санатәлі Төлтаев Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогындағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады, деп хабарлайды Vesti.kz.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі кездесуде қазақстандық боксшы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері әзірбайжандық Малик Хасановпен қолғап түйістірді.
1/8 финал аясында өткен айқаста Төлтаев басымдық танытып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Жекпе-жек барысында Хасановтың қабағы жарылып, төреші кездесуді тоқтату туралы шешім қабылдады.
Осылайша, Санатәлі турнирдің ширек финалына жолдама алды. Ал әзербайжандық боксшы жарыспен қоштасты.
Айта кетейік, Төлтаевтың әуесқой бокстағы жетістіктері аз емес. Ол 2017 жылы жастар арасындағы Азия чемпионы атанып, сол жылы жастар спорт ойындарының жеңімпазы болды. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін иеленіп, 2018 жылы ел чемпионы атанды. 2019 жылы ересектер арасындағы Азия чемпионатында қола жеңіп алды. Кәсіпқой рингтегі көрсеткіші - төрт жеңіс және бір жеңіліс.
Еске салайық, World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында Гуйян қаласында өтіп жатыр. Турнирге әлемнің ең мықты боксшылары қатысуда.