Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалында жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сабыржан ринг қожайыны, моңғолиялық Далай Ганзоригпен кездесті. Жекпе-жек қазақстандық спортшының айқын басымдығымен өтіп, техникалық нокаутпен аяқталды.
Бірінші раундта Сабыржан Аққалықов қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді, екінші раундта тағы бір мәрте дәл соққымен құлатты. Осыдан кейін төреші айқасты тоқтатуға шмәжбүр болды.
Осылайша, қазақстандық боксшы финалға шығып, кемінде күміс жүлдені қамтамасыз етті. Ал Далай Ганзориг жарысты қоламен аяқтады.
Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанып, Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жеткен. Сондай-ақ, 2025 жылғы World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионатында (Ливерпуль, Англия) 1/8 финалға дейін жетіп, IBA ұйымының әлем біріншілігінде финалға шыққан.
Жарнама