Моңғолияда өткен құрлықтық жарыста Азия чемпионы атанған қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов салмақ дәрежесін ауыстыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ұлан-Баторда (Моңғолия) өткен 2026 жылғы World Boxing ұйымы аясындағы Азия чемпионатында Аққалықов 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалда өзбекстандық Жавохир Абдурахимовты жеңіп, алтын алған болатын.
Былтыр ол Дубайда (БАӘ) өткен IBA әлем чемпионатында да 75 келіде күміс жүлдегер атанған.
Енді қазақстандық боксшы 80 келіге дейінгі олимпиадалық салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.
"Жаңа ғана Азия чемпионы атанған Сабыржан Аққалықов салмақ дәрежесін ауыстырды. Енді ол 80 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасады. Бұл шешімнің мақсаты - Олимпиада салмағына өту. Сондықтан бұл салмақта ішкі бәсекелестік арта түседі",- деді журналист Асылан Қаженов.
Айта кетейік, 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтетін Олимпиадада бокстан салмақ категориялары қысқартылған - ерлер мен әйелдер үшін тек жеті-жетіден ғана болады. 75 келі санаты бұл тізімге кірмейді.
Жарнама