"Кәсіпқойға шақырған". Қазақстан құрамасының боксшысы ары қарайғы карьерасына қатысты

Сурет: ҚБФ

"Санкт-Петербург Губернаторының кубогы-2021" халықаралық турнирінде алтын жүлде жеңіп алған қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергенов жарыстағы жетістігі мен ары қарайғы карьерасы туралы айтып берді. 

"Көршілес елдегі турнир өте жоғары деңгейде өтті. Бұл бәсеке мен үшін жеңіспен аяқталғаны қуантады. Біріншіден, осыған дейін екі рет ұтылған өзбек боксшысынан есе қайтардым. Бобо-Усмон Батыровпен 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарында, 2019 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында жеңілген едім. Бапкеріммен берге қарсыласты зерттеп, Ресейдегі сында әккі қарсыласымды тізе бүктірдім.

Турнирдің ақтық сынында тәжірибелі ресейлік боксшы Андрей Замковойдан басым түстім. Андрей 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жүлде алған, былтырғы әлем чемпионатында топ жарған спортшы. Оған қарсы жекпе-жекте бапкеріммен бірге жақсы тактика таңдадық деп есептеймін. Енді мұнымен тоқтап қалмай, алдағы жарыстарға дайындаламыз.

Менің салмағымда Токио Олимпиадасына Абылайхан Жүсіпов барады. Карьерама қатысты айтарлықтай жоспарлар жоқ. Кәсіпқой боксқа шақырған болатын, бірақ талаптары ұнамай, бас тарттым. Бәрін уақыт көрсетеді", - деп береді боксшының сөзін Olympic.kz.