Әуесқой бокста үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай кәсіпқойға ауысу жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
32 жастағы спортшының айтуынша, кәсіпқой рингте бағын сынап көру оның өзіне де қызық, алайда, әзірге нақты ұсыныстар түспеген.
"Көп адам сұрайды, бірақ, әзірге ешқандай ұсыныс болған жоқ. Қазір промоутерлік компаниялар көп, дегенмен, дебют ұйымдастыруға ниет білдіріп ешкім келген емес. Шынымды айтсам, кәсіпқой бокста өзімді сынап көргім келеді, себебі ол жерде мүлде басқа жүйе, дайындық та өзгеше. Егер ұсыныс түссе, қуана келісемін. Қазір көптеген әуесқойлар кәсіпқойда өнер көрсетіп жүр және бұл ұлттық құрамада өнер көрсетуге кедергі келтірмейді", - деді Қызайбай Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Сондай-ақ, Назым кәсіпқой боксты тұрақты түрде бақылап жүретінін және кәсіпқой боксшылар арасында таныстары көп екенін айтты.
"Бізде кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрген қыздар бар: Кэти Тейлормен жұдырықтасқан Фируза Шарипова - бұл Қазақстанның әйелдер арасындағы кәсіпқой боксы үшін ең маңызды жекпе-жек. Сонымен қатар, Ангелина Лукас, Балауса Мұздиман, Элина Базарова, Милана Сафронова бар. Қыздардың жекпе-жектерін көріп, жанкүйер боламын", - деді ол.
Бұдан бөлек, Қызайбай Ангелина Лукас пен Балауса Мұздиман арасындағы ықтимал жекпе-жекке және олармен өзі жұдырықтасу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
"Олардың өзара жекпе-жегін көру қызық болар еді. Кейбіреулер өзара айқасуды дұрыс емес деп санайды, бірақ, кейде кім мықты екенін білгісі келетіндер болады. Олардың маған қарсы мүмкіндігі бар ма? Әрқашан мүмкіндік бар. Егер біреулер осындай жекпе-жек ұйымдастырғысы келсе, мен дайынмын. Спорт - ол спорт. Ұсыныс болса, кез келгенімен рингке шығамын. Өзіме де қызық", - деді Назым.
Айта кетейік, Назым Қызайбай - Қазақстан боксы тарихында (әйелдер мен ерлер арасында) әлем чемпионатын үш рет жеңіп алған алғашқы спортшы (2014, 2016, 2025).
Сондай-ақ, ол 2021 жылғы Азия чемпионы және 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.
Жарнама