АҚШ-тың Финикс қаласында өткен демалыс күндері 37 жастағы мексикалық боксшы Педро Антонио "Тони" Родригес қайтыс болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Оқиға боксшының Филипп Веллаға қазылардың ортақ шешімімен жеңілгенінен бірнеше сағат өткен соң болған.
The Sun басылымының жазуынша, жекпе-жектен кейін Родригес қонақүйіне оралған, достарымен кешкі асқа баруға келісіп, қонақүйдің холлында кездесуге уәде берген, бірақ, ол жерге сол күйі келмеген.
Келесі күні таңертең қонақүй қызметкерлері боксшының трансферге келмегеніне алаңдап, бөлмеге кірген. Сол жерде Родригестің мәйіті төсек үстінде табылды. Қазір Аризона штатының полициясы бұл оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өлімнің нақты себебі әзірге белгісіз.
Родригес супержеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Del Sol Boxing Promotions ұйымдастырған жекпе-жекке қатысқан болатын.
Оның қарсыласы Филипп Велла әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялап, Родригесті "нағыз чемпион" деп атап, отбасына қайғыра көңіл айтты.