Бокс
Бүгін 06:54

Кәсіпқой бокс федерациясы Әлімханұлының допинг ісіне қатысты мәлімдеме жасады

©x.com/qazaqstyle

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков орта салмқата IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) допинг ісіне қатысты тыңдаулар төңірегіндегі жағдайға пікір білдіріп, барлық рәсімдер толық аяқталмайынша асығыс қорытынды жасамауға шақырды, деп хабарлайды Vesti.kz.

"Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасының оң нәтижесі мен тыңдауларға байланысты ақпараттың ашық талқыланып жатқанына байланысты түсініктеме беруді жөн көрдім.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының Тәртіптік комиссиясы алғашқы тыңдауды өткізді. Оның негізгі мақсаты - материалдар мен рәсімдерге алғашқы баға беру, қандай да бір шұғыл шешім шығару емес.

Осы кезеңнің өзінде-ақ істі формалды түрде қарауға болмайтыны және қосымша медициналық, сараптамалық әрі құқықтық талдау қажет екені белгілі. Осыған байланысты 23 қаңтарға екінші тыңдау тағайындалды. Бұл - күрделі допинг істерінде қолданылатын халықаралық стандартты тәжірибе.

Айта кеткім келеді: допинг сынамасының оң нәтижесі спортшының әдейі әрекет еткенін немесе ауыр кінәсін автоматты түрде дәлелдемейді. Комиссия істі халықаралық спорт құқығында мойындалған No Significant Fault or Negligence қағидатын ескере отырып қарастырады.

Барлық рәсімдер аяқталғанға дейін комиссия түпкілікті қорытынды жасаудан бас тартады. Шешімдер тек нақты фактілерге, әділеттілік қағидаттарына және халықаралық стандарттарға сәйкес қабылданады, - деді Ерденбеков.

Еске салайық, желтоқсан басында Жәнібек Әлімханұлының А допинг сынамасы тыйым салынған затқа оң нәтиже көрсеткені белгілі болды. Соның салдарынан оның WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен (32-3-3, 19 KO) өтуі тиіс титул біріктіретін жекпе-жегі күшін жойды.

Тест нәтижелері жарияланғаннан кейін боксшының командасы В сынамасын ашуды талап етті. Бұл рәсім 9 қаңтарда өтті. Спортшының менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, үлгі қайта талдау жасау үшін мамандандырылған зертханаға жіберілген.

Тексеру қорытындылары Әлімханұлының алдағы карьерасына тікелей әсер етеді. Олар оның чемпиондық мәртебесін және болашақ титулдық жекпе-жектерінің мүмкіндігін айқындайды. Бұған дейін В сынамасының ашылғаны хабарланған, енді антидопингтік органдардың ресми шешімін күту ғана қалды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport