Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының ширек финалына өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
48 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалда ол Венгрия боксшысы Лила Зелецкимен кездескен болатын.
Алғашқы екі раундта төрешілер бірауыздан жеңісті Назымның пайдасына шешті. Айта кетерлігі, екінші раундта Қызайбай қарсыласын нокдаунға түсірді.
Соңғы раундта венгриялық спортшыға тағы екі рет есеп ашылып, кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты. Кездесу техникалық нокаутпен Назым Қызайбайдың жеңісімен аяқталды.
Ширек финалда Қызайбай Украина боксшысы Анна Охота мен Сингапур боксшысы Маниша Матиалаган арасындағы жекпе-жек жеңімпазымен кездеседі.
Назым Қызайбай — 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы (2014, 2016, 2025) және 2021 жылғы Азия чемпионы. 2025 жылы ол World Boxing ұйымы аясында Астанада өткен Әлем кубогінде алтын жеңіп алған еді.