Қазақстандық боксшы Сұлтан Зауырбек Болтонда өткен бокс кешіндегі жекпе-жектен кейін әлеуметтік желіде пост жариялады.
Екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBA Continental титулы үшін айқаста ол "220 вольт" лақап атты аргентиналық Роман Рубен Рейносоны (22-5-2, 10 КО) бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.
Осылайша, Сұлтан карьерасындағы 18 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетіп отыр, оның он үші нокаутпен. Ал Рейносо бесінші рет жеңіліп отыр. Сонымен бірге, ол 22 жеңіске жеткен және екі рет тең түскен.
"Қайырлы күн, менің елім! Мені осы жекпе-жекке дайындаған бапкеріме алғыс білдірігім келеді. Сонымен қоса, менеджер, промоутер және командама көп рахмет! Біз тағы ораламыз. Алда мақсаттар көп. Тер төгіп, еңбектене береміз. Мен әсіресе өз елім мен жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Мен сіздердің қолдауларыңызды сезінудемін. Ары қарай да сіздерді қуанта беремін", - деп жазыпты ол Instagram желісінде.