81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін бокстан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Бекзат Нұрдәулетов Санкт-Петербургте өткен үлкен турнир жеңімпазы атанды. Бір нокдаун жасап, екіншісіне қазақстандықтың өзі түскен финалдық кездесу тартысты өтті. Vesti.kz тілшісімен болған әңгіме барысында әлем чемпионы қарсыластың осал тұсын қалай тауып, нәтижесін өз пайдасына шешкені туралы айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік кештің бас жекпе-жегінде қазақстандық шаршы алаң иегері Имам Хатаевқа қарсы шыққан болатын. Бірінші раундта Бекзат нокдаунға түсіп, екінші раундта қарсыласта кеткен есесін қайтарып үлгерді. Жекпе-жектің соңы қазақстандықтың жеңісімен аяқталды.
"Сайыс мен үшін өте жақсы өтті. Шынымды айтсам өзім көрсеткім келген дүниенің барлығын жасай алмаған сияқтымын.
Питерге біз жақсы дайындықпен бардық. Кисловодскте оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Формаға келсек.. Бабымдамын демеймін, бірақ жақсы деп бағалаймын.
Финалда ресейлік Имам Хатаевпен кездестім. Ол - Ресей чемпионы, өз салмақ дәрежесінде құраманың үздігі. Соққысы мықты екен. Онымен жұдырықтасу жеңіл болды дей алмаймын. Арақашықтық сақтап, алыстан соққы жасауға тура келді.Бірінші раундтан кейін жаттықтырушыларым ары қарайғы тактиканың қалай болатынын айтты. Жұмыс барысын аздап өзгерткен соң, барлығы реттеле бастады" - дейді Нұрдәулетов.
Қоса кетейік, сайыс нәтижесі бойынша Қазақстан командалық есепте екі алтын, екі күміс және үш қола медальді қанжығалады.