Бокс
7 тамыз 2019 10:39

"Қарғыс атқыр". Головкин мен "Канелодан" да титулды тартып алған IBF сынға ұшырады

© boxingscene.com
Әйгілі The Ring журналының бас редакторы Дуглас Фишер чемпиондарға қатысты ұстанымдары үшін Халықаралық бокс федерациясын (IBF) сынға алды.

Сауль "Канело" Алвьарес (52-1-2, 35 КО) биыл мамырда америкалық Дэниэл Джейкобсты (35-3, 29 КО) жекпе-жекте IBF титулын жеңіп алған болатын. Кейін ұйым мексикалықты міндетті қарсылас Сергей Деревянченкомен (13-1, 10 КО) жекпе-жекке міндеттеді. Тараптар келіссөздер жүргізгенімен, дедлайнға дейін бір шешімге келе алмады. Осылайша, IBF Альварестен белбеуді тартып алды.

5 тамызда IBF бос қалған белбеу үшін Деревянченко мен қазақстандық Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) жекпе-жегіне рұқсат берді. Тараптар келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жекпе-жек 5 қазан Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді деп күтілуде. 

Айта кету керек, 2018 жылы Головкин де IBF титулынан ұқсас жағдайда айырылған - Деревянченкомен жұдырықтаспады. Мұның орнына қазақстандық боксшы "Канеломен" қарымта өткізді. Ал Деревянченко бос қалған белбеу үшін жекпе-жекте Джейкобстен жеңілген еді.

"Былтыр IBF ұйымында Головкинді белбеуден айыруға себеп болған емес, Деревянченко - Кулькай жекпе-жегінің жеңімпазын міндетті қарсылас қылуға да негіз жоқ еді. Ал бұл қарғыс атқыр белбеуді үш ай бұрын ғана жеңіп алған "Канелодан" тартып алу мүлде негізсіз", - деп жазыпты Фишер өз айдарында.