"Карьерама көмек болады". 29 боксшыны сұлатқан мексикалық Головкинмен айқасуды көздеп отыр

Сурет: Boxeo De Campeones

Бірінші орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Хайме Мунгия (36-0-0, 29 KO) қазақстандық Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 КО) жекпе-жекке шыққысы келетінін мәлімдеді. Мексикалық боксшы қазір орта дивизионда өнер көрсетіп жүр. 

Мұның алдында боксшылар 7 мамыр Техаста жекпе-жек өткізуге келісті деген ақпарат болған. Алайда Мунгия сәуірде басқа қарсыласпен жұдырықтасатыны белгілі болды. 

Forbes журналисті Джош Кацовицтің твиттер желісінде жазуы бойынша, Мунгия GGG-мен айқасу керегіне сенімді екен. 

"Жаңа ғана Мунгиямен телефон арқылы сөйлестім. 23 сәуірдегі Димитриус Баллардпен жекпе-жекке дайындалып жатыр. Бірақ мен одан GGG-мен айқас жайында сұрадым. Оның жауабы: "Қазіргі таңда менің карьерам үшін GGG-мен жекпе-жек керек. Бұл маған бокста көмегін береді. Бұл менің карьерама көмек болады", - деп жазыпты Кацовиц.