Бокс
8 тамыз 2019 15:30

"Канелоның" жекпе-жегін алып қойған Golden Boy чемпионы Исламның бұрынғы қарсыласымен жұдырықтасады

© ringside24.com
Бірінші орта салмақта WBO чемпионы Хайме Мунгия (33-0-0, 26 KO) 14 қыркүйек АҚШ-тың Карсон қаласындағы Dignity Health Sports Park аренасында белбеуін қорғайды. Бұл туралы ESPN журналисті Фернандо Бельтран хабарлады. 

Ақпарат бойынша, 22 жастағы мексикалық 28 жастағы ганалық Патрик Аллотеймен (40-3-0, 30 KO) жұдырықтасады. Африкалық боксшы WBO рейтингінде 12-ші.

Аллотей соңғы рет 2016 жылы Алматыда 12 раундты жекпе-жекте төрешілер шешімімен Қанат Исламнан (26-0-0, 21 KO) жеңілген еді.

Мунгия биыл сәуірде төрешілердің бөлек шешімімен (114-114, 116-112, 115-113) 34 жастағы ирландиялық Дэннис Хоганды (28-2-1, 7 KO) жеңген.

Бастапқыда Альварес рингке 14 қыркүйекте оралу керек болатын. DAZN платформасы мексикалыққа қарсылас ретінде екі боксшыны мақұлдаған: қазақстандық Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) және ресейлік Сергей Ковалевті (33-3-1, 28 KO). Алайда мексикалық GGG-мен қайта жұдырықтасудан бас тартты. Ал Ковалевпен келісе алмағандықтан рингке оралуын жыл соңына шегеріп тастады. 

Сонымен бірге, Мунгиямен күзде жұдырықтасу үшін Головкин де келіссөздер жүргізген сияқты. Алайда инсайдер Майк Коппинджердің ақпаратынша, қазақстандық Альвареспен үшінші жекпе-жекті ұйымдастыра алмаған Golden Boy-ға ондай құрмет көрсеткісі келмейді.