"Канелоның" бапкері GGG мен Мурата арасындағы айқасқа қатысты мәлімдеме жасады

©Reuters

Орта салмақтағы IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен осы салмақта WBA ұйымының "суперчемпион" жапониялық Риото Мурата (16-2, 13 KO)  арасындағы айқас GGG мен "Канело" арасындағы үшінші кездесуді ұйымдастыру қажет пе, жоқ па деген сауалға жауап береді. Бұл туралы Сауль Альварестің менеджері әрі бапкері Эдди Рейносо айтты, деп жазады Allboxing.ru порталы.

"Мурата мен GGG арасындағы жекпе-жектің қалай өтетінін көрейік. Себебі, бұл екі боксшының да кездесу өткізбегеніне біршама уақыт болды. Негізі 40 жастан асқаннан кейін де жақсы жұдырықтаса алатын боксшылар бар. Бірақ Головкиннің қандай бабында екенін Муратамен кездесуден кейін ғана білеміз. Осы кездесуден кейін біз GGG мен "Канело" арасындағы үшінші кездесуді ұйымдастыру керек пе, жоқ па деген сауалға жауап аламыз", - деді Рейносо. 

Еске салайық, Головкин мен Мурата арасындағы кездесу 9 сәуір күні Сайтама (Жапония) қаласында өтеді. Жекпе-жек кеші Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 15:00-де басталады. Ал басты айқас 19:00 шамасында болады. 

Бұл кездесуде Головкин жеңіске жетсе, келесі қарсыласы "Канело" болуы мүмкін. Мексикалық боксшы өзінің кезекті айқасын 7 мамыр күні ресейлік Дмитрий Биволға (19-0, 11 КО) қарсы өткізеді. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport