Екінші орта салмаққа өткен қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) WBO рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Әлімханұлы WBO рейтингінде бірінші
Қазақстандық боксшы бұған дейін осы салмақта екінші орында тұрған. Жақында WBO оны чемпиондық титулдың иегері, британиялық Хамза Ширазға (24-0-1, 19 КО) міндетті қарсылас еткен болатын.
Дивизионның бұрынғы көшбасшысы мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес (63-3-2, 39 КО) еді. Алайда ол рейтингтен шығарылды.
WBO "Канелоны" не үшін рейтингтен шығарды?
Альварес келесі жекпе-жегін 2026 жылғы 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткізеді. Оның қарсыласы жеңіліп көрмеген франциялық Кристиан Мбилли (29-0-1, 24 КО) болады. Жекпе-жекте Мбиллиге тиесілі екінші орта салмақтағы WBC белбеуі сарапқа салынады.
Бұл Альварестің америкалық Теренс Кроуфордтан (41-0, 31 КО) жеңілгеннен кейінгі алғашқы жекпе-жегі болмақ.
Әлімханұлы WBO титулынан бас тартып, салмақ ауыстырды
Бұған дейін Әлімханұлы орта салмақта IBF және WBO чемпиондық белбеулеріне ие болған. 2025 жылдың соңында қазақстандық боксшы WBA титулының иегері кубалық Эрисланди Ларамен титул біріктіретін жекпе-жек өткізуі керек еді. Алайда Әлімханұлының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін бұл жекпе-жек өтпей қалды.
Осыдан кейін IBF қазақстандық боксшыны чемпиондық белбеуінен айырып, 2026 жылдың желтоқсанына дейін рингтен шеттетті. WBO да Әлімханұлын бір жылға дисквалификациялады, алайда оның чемпиондық титулын сақтап қалды.
Шілде айында Әлімханұлы орта салмақтағы WBO титулынан бас тартып, екінші орта салмаққа ауысатынын мәлімдеді. Осыдан кейін WBO Жәнібектің дисквалификациясын жойды.
Жарнама