Ресейлік боксшы Дмитрий Бивол (20-0, 11 КО) мексикалық Сауль "Канело" Альваресті (57-2-2, 39 КО) жеңгеннен кейінгі мақсатын айтты. Бұл туралы Allboxing.ru порталы хабарлап отыр.
Еске салайық, "Канело" мен Бивол арасындағы кездесу 8 мамыр күні Лас-Вегас қаласында өтіп, төрешілер шешімімен ресейлік боксшы жеңіске жетті. Мексикалық боксшы осылайша карьерасында екінші рет жеңіліп, Биволдан бірден реванш сұрады. Ресейлік боксшы өз кезегінде екінші кездесуді өткізуге келісім берді.
"Негізгі мақсатым әрине басқа чемпиондық белбеулерді жеңіп алу. Әлемнің абсолют чемпионы болу деген арманым мен мақсатым бар. Бірақ реванш туралы келісім бар ғой. Екінші кездесудің шарты қандай болатынын көрейік. Реванш туралы қазір ештеңе нақты айта алмаймын. Себебі, "Канело" екінші кездесуде өткізгісі келе ме, жоқ па білмеймін. Қазіргі уақытта демалып жатырмыз. Сондықтан әлі нақты ештеңе жоқ", - деді Бивол.
Өткен демалыста Биволдың міндетті қарсыласы анықталды. Ол мексикалық Хильберто Рамирес. Ресейлік боксшы бұл қарсыласы туралы да пікір білдірді.
"Рамиреспен жекпе-жек өткізу де маған қызық. Алайда бұл менің басты мақсатым емес. Бірінші кезекте мен басқа чемпиондық белбеулерді жеңіп алғым келеді. Дегенмен де Хильбертомен кездесуім мүмкін. Ол менімен жұдырықтасу туралы көп әңгіме айтты. Оның осыған дейінгі қарсыластары да мықты болды. Сонымен қатар, ол жақсы боксшы. Егер чемпиондық жекпе-жекті ұйымдастыра алмасақ, мен онымен кездесемін", - деді Бивол.
Сондай-ақ Бивол шет елдік басылымдарға берген сұқбатында тағы екі-үш апта демалып, жаттығу залына қайта оралып, Альвареске қарсы айқаста жіберген қателіктерімен жұмыс істейтінін айтты.
"Адамның мүмкіндігінде шек жоқ. Тек көп жұмыс істеу керек. Техника жағынан мен біраз қателік жібердім. Енді осы қателіктермен жұмыс істеймін. Алайда алдағы екі аптада мен залға бармаймын.
"Канелоға" қарсы кездесуді қайта көріп, ләззат алдым. Дегенмен өз қателіктерімді көріп, түртіп алдым", - деді Бивол.