Америкалық боксшы Теренс Кроуфорд екінші орта салмақтағы абсолют чемпион мексикалық Сауль Канело Альвареспен жекпе-жек өткізуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кроуфорд екі салмақ дәрежесіне көтеріліп, үш түрлі дивизионда төрт чемпиондық белбеуді жеңіп алған тарихтағы алғашқы боксшы атануы мүмкін.
Бұған дейін Кроуфорд айқасқа иық жарақатымен шығуы мүмкін деген қауесет тараған еді. Алайда боксшы бұл ақпаратқа әзілмен жауап берді.
"Иә, менің иығымда мәселе бар, достар. Бірақ мұны Канелоға айтпаңдар! Мүмкін сол жақ, мүмкін оң жақ, бәлкім екеуі бірдей. Бұл арамызда қалсын", – деп береді Кроуфордтың сөзін All Out Fighting.
Кроуфорд ешбір спортшы рингке 100% дені сау күйде шықпайтынын атап өтті. Сондай-ақ, жекпе-жектің қалай өрбитінін ешкім болжай алмайтынын айтты:
"Рингте не боларын ешқашан білмейсің - жарақат менде де, қарсыласымда да болуы мүмкін. Сонымен қатар төрешілердің шешімі, рефери мен дайындық та әсер етеді. Егер біреу өзін толық дайынмын десе - ол шындыққа жанаспайды".
Америкалық боксшы Канелоға қарсы жекпе-жекте андердог (аутсайдер) атанғанына еш алаңдамайтынын да айтты:
"Әрине, жанкүйерлер Канелоны қолдайды - бұл Мексиканың Тәуелсіздік күні. Ол үлкен аудитория жинайды. Лас-Вегас - оның екінші үйі сияқты, ал мен бұл сынға дайынмын".
Канело мен Кроуфорд арасындағы супержекпе-жек 13 қыркүйекте өтеді.