"Канело" лагерінде жаттыққан қазақстандық боксшы әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасатынын мәлімдеді

28 қыркүйек 2020 11:38
Боксшының Instagram желісінен

Жартылай орта салмақтағы қазақстандық проспект Бобиржан Моминов (11-0, 8 КО) кәсіпқой карьерасында он екінші жеңісіне жетті, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Татарстан астанасы Қазанда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде 28 жастағы қазақстандық 34 жастағы ресейлік Вагинак Тамразянмен (17-7, 5 КО) жұдырықтасты.

Моминов бірінші раундта-ақ нокдаунға түсті. Дегенмен есін жиған қазақстандық боксшы ары қарай өзі басымдық танытып, төртінші раундта қарсыласын есеңгіретті. Ал шабуылды нокаутқа жеткізу үшін уақыт жетпей қалды. Осылайша, жекпе-жек толық он раунд өтіп, оның қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Осы жеңіс арқасында ол IBF Eurasia белбеуін иеленді. 

"Маған қолдау білдіріп, сенім артқандарыңызға рахмет. Өте қуаныштымын. Қарсылас мықты болды, оған да құрмет білдіремін. Алда үлкен жекпе-жектер күтіп тұр - әлем чемпионы атағы үшін. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында оған да жетеміз. Командама да иіліп, алғыс білдіремін", - дейді спортшы жекпе-жектен кейін. 




Айта кетейік, Моминов Ресей жерінде алғаш рет жұдырықтасты, бұған дейін ол АҚШ, Аргентина және Қазақстанда ғана жекпе-жектер өткізген.

Моминов мексикалық Сауль "Канело" Альварестің (51-1-2, 35 КО) лагерінде жаттыққан боксшы. 2017 жылы "Канело" қазақстандық Геннадий Головкинге (38-1-1, 34 КО) қарсы жекпе-жекке дайындаларда оның спарринг-серігі болған. 

Жаңалықтар