Мексикалық бокс жұлдызы Сауль Канело Альварес (63–3–2, 39 КО) америкалық Теренс Кроуфордтан (42-0, 31 КО) сенсациялық жеңілісі жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Екі чемпионның жекпе-жегі биыл 14 қыркүйекте өтті. Альварес айқын фаворит саналған, себебі Кроуфорд бірден екі салмақ дәрежесіне көтеріліп, екінші орта дивизионда өнер көрсетті. Алайда америкалық боксшы жанкүйерлерді таңғалдырды - ол Канелоны жеті жылдан кейін алғаш рет титулсыз қалдырды және өзі үшінші дивизионда абсолют әлем чемпионы атанды.
"Оның бойында бәрі бар", - деп қысқа ғана түсіндірді жеңілісін Канело.
Кейінірек Альварес жекпе-жек туралы толығырақ пікір білдіріп, қарсыласының шеберлігін жоғары бағалады:
"Бәрі қиын болды. Біз Кроуфордтың керемет боксшы екенін білдік. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, солай емес пе? Өте қатты дайындалдым. Ол барлық мақтауға лайық. Мен барымды салдым, бірақ оның стилін түсіне алмадым", - деп келтіреді Альварестің сөзін Secondsout.