"Канело" Головкинмен жекпе-жек алдында тағы бір чемпиондық белбеу жеңіп алмақ

Сурет: boxingscene.com
Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) екінші орта салмақтағы бос тұрған белбеуге үміткерлер бойынша мәселені қарауға алды. 

Титул өткен аптада бос қалды - оның бұрынғы иегері америкалық боксшы Давид Бенавидес (23-0, 20 КО) колумбиялық Роамеро Ангуломен (26-2, 22 КО) жекпе-жек алдында салмақ лимитінен асып түсіп, белбеуден айырылып қалған болатын. 

The Athletic инсайдері Лэнс Пагмайераның мәліметінше, Бенавидес белбеуді қайтарып алмақ ниетте. Сонымен қоса, бұл титул үшін жұдырықтасқысы келетіндер қатарында WBC "франчайзинг" чемпионы Сауль "Канело" Альварес (53-1-2, 36 КО) бар. Одан бөлек, ұйым рейтингінде бірінші тұрған түркиялық Авни Йылдырым (21-2, 12 КО), өзбекстандық проспект Азизбек Абдугофуров (13-0, 5 КО) пен WBA Super, WBC Diamond титулдарына ие британиялық Каллум Смит (27-0, 19 КО) те үміткер ретінде өтініш берген екен. 

"Бізге сұраныс көптеп келді. Біздің титулды сарапқа салғысы келетіндердің қарасы мол. Ұйым басшылығы бұл мәселені талқылай бастады. Енді дауыс беру керекпіз, содан кейін қабылданған шешімді жария етеміз", - дейді WBC президенті Маурисио Сулейман.
Жаңалықтар