Кәсіпқой бокста белбеулерін сақтап тұрған бір ғана абсолют чемпион қалғанға ұқсайды, ол Сауль Канело Альварес, деп хабарлайды Vesti.kz сайты vRINGe.com порталына сілтеме жасап.
Халықаралық бокс федерациясының (IBF) жаңартылған рейтингінде, егер бұл техникалық қателік болмаса, енді америкалық Теренс Кроуфорд (40-0, 31 КО) ұйымның жартылай орта салмақтағы чемпионы емес екен. Ендігіде бұл титул америкалық Джарон Энниске (31-0, 28 КО) өтіпті. Эннис бұған дейін уақытша чемпион болып келген.
Айта кетейік, IBF әзірге бұл жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады. Ал егер бұл өзгеріс расталса, онда Кроуфорд 2023 жылдың күзінен бері Девин Хэйни мен Джермелл Чарлоның артынан абсолют чемпион атағынан айырылған үшінші боксшы болады.