Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) орта салмақтан екінші орта салмақ дәрежесіне ауысу туралы шешімінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қазақстандық боксшы салмақ ауыстыруының себебін айтты
33 жастағы чемпион жаңа салмақ дәрежесінде де әлем чемпионы атануды мақсат етіп отыр. Ол ең қалаулы қарсыластарының қатарында мексикалық жұлдыз Сауль Канело Альваресті (63-3-2, 39 KO) және WBO тұжырымы бойынша қазіргі әлем чемпионы, британиялық Хамза Ширазды (22-0-1, 18 KO) атады.
Канело – басты мақсат
Әлімханұлының айтуынша, жаңа салмақ дәрежесіне көшу туралы шешім командасымен, оның ішінде промоутерлері мен менеджерлерімен ақылдасқаннан кейін қабылданған.
Негізгі себептердің бірі – дәл осы дивизионда әлемнің ең мықты әрі атақты боксшыларының өнер көрсетуі.
"Басты себептердің бірі – Канелоның дәл осы екінші орта салмақта жұдырықтасуы. Кәсіпқой мансабымызды бастаған кезден-ақ онымен кездесуді армандадық. Бұдан бөлек, бұл дивизионда Шираз да өнер көрсетеді. Ол да мен сияқты орта салмақтан жоғары көтерілді. Промоутерлерімізбен және менеджерлерімізбен ақылдаса келе, осындай шешім қабылдадық. Алланың қалауымен бұл салмақта да жетістікке жетіп, екінші салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанамыз деп сенемін", – деп түсіндірді Әлімханұлы әлеуметтік желі арқылы.
Жарнама