Ұзақ үзілістен кейін ингке оралмақ болған қазақстандық боксшы Қанат Исламның (29-1, 22 KO) жекпе-жегі кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Vesti.kz.
2008 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері 27 желтоқсанда Алматыда өтетін бокс кешінде жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда жекпе-жек кейінге шегерілді.
"Құрметті жанкүйерлерім, мен 27 желтоқсан күні өтуі тиіс Алматыдағы бокс кешіне шықпаймын. Бұл жағдай әртүрлі себептерге байланысты туындады, соның ішінде қарсыластар тарапынан да мәселелер бар. Егер бәрі ойдағыдай болса, жекпе-жегіміз шамамен бір жарым айға кейінге қалдырылады. Нақты күн белгілі болғанда, міндетті түрде хабарлаймыз", - деп жазды Қанат әлеуметтік желідегі парақшасында.
41 жастағы Қанат Ислам соңғы жекпе-жегін 2022 жылдың қазан айында АҚШ-тың Плант-Сити қаласында аргентиналық Хавьер Франсиско Масьельге (34-18, 23 KO) қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен болатын.
Кәсіпқой карьерасында қазақстандық боксшы бірінші орта салмақта WBA Inter-Continental, WBO NABO, WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin және WBA Fedecaribe белбеулеріне иелік еткен.