Олимпиада чемпионы Иман Хелиф өзін турнирлерге қатыстырмау туралы шешім шығарған World Boxing ұйымына қарсы Спорттық арбитраждық сотқа (CAS) апелляция берді, деп хабарлайды Vesti.kz CAS баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салайық, мамыр айында World Boxing барлық спортшыларды гендерлік тестілеуден өтуге міндеттеді. Бұл тексеріс аяқталғанға дейін Хелиф әйелдер арасындағы жарыстардан уақытша шеттетілді.
Бұған дейін Халықаралық Олимпиада комитеті (МОК) 2024 жылғы Париж Олимпиадасына Иман Хелифті қатысуға рұқсат берген болатын. Бұл шешімге 2023 жылғы әлем чемпионатындағы гендерлік тест дауы әсер етпеген. Сол кезде жарияланған нәтижелер Хелифтің жатырсыз екенін, ішкі аталық бездері барын, XY кариотипіне және жоғары тестостерон деңгейіне ие екенін көрсетті. Соған қарамастан, алжирлік боксшы рингке шығып, 66 келі салмақ дәрежесінде алтын жеңіп алды.
Айта кетейік, ақпан айында МОК World Boxing ұйымын бокстың ресми басқарушы органы ретінде уақытша таныды, ал наурызда дәл осы ұйымның басқаруымен бокс 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына енгізілді.
Сондай-ақ, World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы әйгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкин екенін атап өткен жөн.