Екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет мексикалық Маркос Родригесті нокаутқа түсірген жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, Сауль Канело Альварестің осал тұстары туралы ойын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
Жыл нокауты және чемпиондық белбеу үшін күрес жоспары
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен бокс кешінде Нұрмағанбет Родригесті бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. The Ring және DAZN басылымдары бұл соққыны "жыл нокауты" деп атады.
Қазақстандық боксшы жекпе-жектің мұншалықты тез аяқталатынын күтпегенін мойындады.
"Егер БАҚ осылай айтып жатса, демек, оларға бұл ұнаған! Кәсіпқой бокста мұндай нәтижелерге назар аударады, өйткені бұл - бизнес. Жанкүйерлерге ұнауың керек, себебі олар осы эмоциялар үшін ақша төлейді. Мен үшін жеңіс маңызды болды, бірақ оның қалай болатынын болжай алмадым.
Меніңше, бұл жай ғана сәттілік болды. Өйткені Родригес - тәжірибелі әрі мықты қарсылас, оның чемпиондық жекпе-жегі де болған. Мен тіпті оның тәжірибесінен аздап қорықтым. Себебі ол он раундтық жекпе-жектерді көп өткізген, ал мен үшін бұл - алғашқасы", - деді Нұрмағанбет.
28 жастағы боксшы кәсіпқой рингте өткізген 17 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Оның 15-ін мерзімінен бұрын аяқтады. Боксшының айтуынша, чемпиондық белбеуге қол жеткізу үшін әлемдік рейтингте жоғары тұрған қарсыластарды жеңу қажет.
Бек Қазақстан құрамасына орала ма?
Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі болғанына қарамастан, боксшы әзірге әуесқой спортқа қайта оралуды қарастырып отырған жоқ екен.
"Қазір ондай ойым жоқ. Меніңше, әуесқой бокс кәсіпқой боксшыларға бұрынғыдай қызық емес", - деді ол.
Канело мен Әлімханұлы туралы Бектің ойы қандай?
2023 жылдан бері қазақстандық боксшы Канело Альварес жаттығатын залда, бапкер Эдди Рейносоның жетекшілігімен дайындалып жүр.
Жәнібек Әлімханұлының мексикалық боксшымен ықтимал жекпе-жегі туралы сұраққа жауап берген Нұрмағанбет отандасын қолдады.
"Жәнібек ағай - менің кумирім. Оның армандаған барлық мақсатына жетуін шын жүректен тілеймін. Ал Канелоға келсек, оның соңғы жекпе-жегін көргеннен кейін осал тұстары бар деп айта алмаймын. Барлығы дайындыққа, психологияға және физикалық жағдайға байланысты. Жекпе-жекке кім жақсы бабында келсе, сол жеңіске жетеді.
Бірақ әзірге чемпиондар мен ұлы спортшылар туралы пікір айтуға менің деңгейім жетпейді. Өйткені бокста адамның қалай дайындалғанын, не жеп, не ішкенін өз көзіңмен көрмейінше, ештеңе айта алмайсың. Олар өздерінің осал тұстарын ешкімге көрсетпейді", - деп жауап берді Бек.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы Канелоны жекпе-жекке бірнеше рет шақырған. Қазақстандық боксшы мексикалықпен чемпиондық белбеулерді біріктіру үшін айқас өткізуді көздеп отыр.
Жарнама