"Жыл нокауты". Қазақ боксшы титулды жекпе-жекте қарсыласын бірінші раундта сұлатты

Сурет: instagram.com/mtkglobal

Бірінші орта салмақтағы қазақстандық проспект Тұрсынбай Құлахметтің (3-0, 2 KO) венесуэлалық Хебер Рондонды (20-1, 13 KO) жеңуі бокс пен ММА туралы жазатын ресейлік vRINGe.com басылымын таңдандырды,- деп хабарлайды Vesti.kz.

Он раундқа есептелген жекпе-жек Дубайдағы шоу аясында өтіп, бірінші раундта аяқталды. Осылайша, әуесқойда 2019 жылғы Азия чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері кәсіпқойдағы үшінші айқасында WBC International титулын қорғап қалды. 

"Дубайдағы жыл нокауты. Құлахмет Рондонды сұлатты. Жекпе-жектің бірінші минутында Құлахмет оң жақ хукпен жағынан ұрып құлатты. Ол тұрды, жұдырықтасуға тырысты, бірақ, көп күтпей одан ауыр соққы алды. Венесуэлалық канвасқа екпетінен жатып қалды, төреші бірден жекпе-жекті тоқтатты. Тамаша! Құлахмет КО 1", - делінген мәтінде.