Бокс
Бүгін 11:34

Жүсіпов алғашқы айқасында бразилиялық чемпионды жеңді

©IBA

Қазақстандық боксшы, 2025 жылғы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Vesti.kz.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/8 финалында қазақстандық былғары қолғап шебері Бразилия өкілі Кайан Рейеспен кездесті. Оның қарсыласы 2025 жылы Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінің чемпионы атанған болатын.

Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жек қорытындысында төрешілер жеңісті Абылайхан Жүсіповке берді. Есеп – 4:1.

Осылайша, қазақстандық боксшы турнирдің ширек финалына жолдама алып, жүлде үшін күресін жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасының өкілі Серік Теміржанов (60 келі) 1/8 финалда америкалық Салим Эллис Бейге есе жіберіп, жарыс жолынан шыққан еді.

Қазіргі таңда Қытайдағы Әлем кубогында Қазақстан құрамасы төрт спортшысынан айырылды. Соған қарамастан бірқатар отандастарымыз турнирдің келесі кезеңдеріне өтіп, жүлде үшін таласты жалғастырып жатыр.

World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында Гуйян қаласында өтуде. Байрақты бәсекеге әлемнің үздік боксшылары қатысуда.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport