Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (24-1, 17 КО) өзбекстандық Шохжахон Эргашевпен (26-2, 23 КО) өтетін алдағы жекпе-жекке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл айқас 6 маусым күні Өзбекстанның Ташкент қаласындағы "Хумо Аренада" өтеді.
"Ташкент, дайындал! Мен рингке ең мықты екенімді дәлелдеуге шығамын", - деп жазды Жүкембаев әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, бастапқыда Жүкембаев пен Эргашев арасындағы жекпе-жек 9 мамырға жоспарланған болатын. Алайда кейін кездесу шамамен бір айға шегерілді.
Сондай-ақ, Жүкембаев пен Эргашевтің ортақ қарсыласы бар. Ол - пуэрто-рикалық Субриэль Матиас (23-3, 22 КО). Екі боксшы да оған мерзімінен бұрын жеңілген.
32 жастағы Жүкембаев соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада өткізіп, төрешілер шешімімен ұлыбританиялық Кейн Гарднерді (18-5, 7 КО) жеңген еді.
Ал 34 жастағы Эргашев үшін бұл Өзбекстандағы қатарынан үшінші жекпе-жек болмақ. Ол 4 қаңтар күні Самарқандта Үндістаннан келген қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.