Бокс
15 маусым 2021 12:24

Жігіттер Азия ойындарында кеткен есені Олимпиадада қайтарады - Ермахан Ибраимов

Сурет: inform.kz

Атлантадағы Жазғы ойындарының қола және Сидней Олимпиадасының алтын жүлдегері Ермахан Ибраимов боксшылар Токиодан алтынсыз қайтпаймыз деп сенеді. Бұл туралы ол Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Ермахан аға, әдетте өзіңіз Олимпиадаға баратын спортшылардың арқасынан қағып, ақжолтай тілегіңізді бересіз. Бұл жолы да дәстүрді жалғастыратын шығарсыз?

- Әрине жалғастырамыз. Бүл үрдіс дәстүрге айналып кетті десе де болады. Токио Олимпиадасына кетіп бара жатқан жігіттермен кездесіп, міндетті түрде сәттілік тілеп, ақ батамды беріп шығарып саламын. Қазақстан спортшылары Жазғы ойындардан осыған дейін алтынсыз қайтпаған, бұл жолы да сол дәстүрді жалғастыратынына сенімім мол. Алайда Азия чемпионатынан кейін бокс сүйер қауымның мазасы кетті. Себебі жігіттеріміз күміс жүлдеден ары аса алмады. Мұны дабыл қоңырауы деп айтуға болады. Кезінде өзім екі рет Ташкентте өткен сары құрлық біріншілігінде алтын медальмен марапатталғам. Біздің боксшылар сары құрлықта кеткен есені Олимпиада ойындарында қайтарады деп сенемін. Бар күш-жігерін төртжылдықтың басты додасына сақтап отыр деп ойлаймын.

- Олимпиаданың екі дүркін жүлдегерісіз. Дегенмен Сиднейде алтын алған сәтіңіз ерекше есте қалған шығар.

- Сиднейде жеңіс тұғырына шығып тұрған сәтте ойға келдім. Қазақ балаларының арасында Жақсылық Үшкемпіров ағамыздан кейін алғашқы чемпиондар Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимовтар шығып жатырмыз. Мүмкін арқамыздан қанат пайда болып бәлкім ұшатын шығармыз деген ой пайда болды. Я болмаса шығыстан шыққан күн батыстан да шығатын шығар дедім. Алайда ешқандай құбылыс болмады. Арқамнан қанат пайда болмады. Мен ешқайда ұшпадым. Сол кезде Ермахан, Олимпиада чемпионы бола тұрып адами қалпыңда қалуың керексің. Бұрынғы Ермахан қалпыңда қалуың керексің дедім іштей. Сиднейде жүріп чемпион болғаным аса қатты білінбеп еді. Алайда елге табанымыз тие салысымен жерлестердің зор қуанышын көріп, халықтың ыстық ықыласына бөленгеннен кейін үлкен жұмыс атқарғанымызды сезіндік.