Қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Хайме Мунгия арасындағы жекпе-жек қызықты болары сөзсіз. FightSpace жобасының негізін қалаушы Григорий Стангрит Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді.
Боксшылар 2018 жылы жұдырықтасуы мүмкін еді. Алайда Невада штатының атлетикалық комиссиясы Мунгияның тәжірибесі аз деп оған рұқсат бермеді. Қазіргі таңда GGG мен Хайме жекпе-жегі туралы қайта айтылып жүр.
"Мунгия Головкинмен 2018 жылы жұдырықтасар еді, бірақ, ол кезде рұқсат бермеді. Ал енді ол чемпиондық деңгейдегі боксшы және үлкен айқасқа лайық екенін дәлелдеді.
Бұл кездесу қызықты болары сөзсіз. Мунгия жекпе-жекке көп дүние байланысты екенін және жеңіске жетсе бұрын көрмеген биікке көтерілетінін түсініп шығады деп сенемін. Сондықтан ол барын салу керек", - дейді Стангрит.