Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңінде жартылай финалға өте алмады, деп хабарлайды Vesti.kz.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ширек финалда Қазақстан құрамасының өкілі Өзбекстан боксшысы Турабек Хабибуллаевпен кездесті.
Жекпе-жектің алғашқы раунды Нұрбек Оралбайдың басымдығымен өтіп, төрешілердің төртеуі жеңісті қазақстандық спортшыға берді – 4:1.
Алайда екінші үш минуттық кезеңде Хабибуллаев қарымта қайтарып, раундты 3:2 есебімен өз пайдасына жазды. Шешуші раундта өзбекстандық боксшы толық басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан қолдауына ие болды.
Нәтижесінде жекпе-жектің қорытындысы бойынша Турабек Хабибуллаев төрешілердің бөлек шешімімен (3:2) жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал Нурбек Оралбай турнирдегі өнерін аяқтады.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай Қазақстан құрамасының негізгі көшбасшыларының бірі саналады. Оның еншісінде Париж Олимпиадасының күміс медалі мен 2023 жылғы әлем чемпионатының алтын жүлдесі бар.
Ал Турабек Хабибуллаев 2025 жылы World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып, кейін IBA ұйымдастырған әлем чемпионатының финалына дейін жеткен болатын.
World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында өтуде.
Жарнама