Жеңілмеген қазақстандық нокаутшы "Канело" промоутерлерінің ұсынысы жайлы айтып берді

Сурет: facebook.com/eottmboxing/
Жеңілмеген қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-0, 14 КО) Vesti.kz порталындағы конференция кезінде Golden Boy промоутерлік компаниясының ұсынысы жайлы айтып берді. 

29 жастағы Жүкембаев кәсіпқой рингте 2015 жылдан бастап өнер көрсетеді. Содан бергі 18 жекпе-жегінің бәрі Канадада өтті. Қазақстандық кәсіпқой жеңіліссіз келеді және бірінші жартылай орта салмақта WBA Continental Americas пен IBF Inter-Continental белбеулеріне ие. 

"Дәл қазір Golden Boy-дан ұсыныс болды. Осы ұйыммен алдағы күнге үлкен жоспарлар бар", - дейді Жүкембаев. 

Қазіргі таңда боксшының ісін Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясы жүргізеді, нарықта бұл ұйым Golden Boy-мен серіктес. Компаниялар бірлесіп бірнеше боксшының ісін жүргізуде, солардың бірі орта дивизионда IBF чемпионы болған канадалық Давид Лемье (41-4, 34 КО).

"Өз промоутеріммен серіктестігіміз жалғасуда. Бәрі жақсы. Келісімшартымыз әлі екі жылға есептелген", - дейді Жүкембаев Eye of the Tiger компаниясымен келісім жайлы.