Жеңілмеген қазақ боксшы Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жектер туралы мәлімдеме жасады

Сурет: Top Rank©
Орта салмақтағы қазақстандық проспект Жәнібек Әлімханұлы (8-0, 4 КО) алдағы жоспарлары туралы айтып берді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Шілде соңында Әлімханұлы АҚШ-қа оралып, жаттығуын жалғастырмақ. Ал жыл соңына дейін қазақ боксшы үш жекпе-жек өткізбек ниетте. Бұл туралы боксшының өзі Facebook желісінде жазды. 

"Амансыздар ма, құрметті жанкүйерлер! Бұйыртса, осы айдың аяғында Америкаға аттанып жаттығуымызға кірісеміз. Жылдың аяғына дейін 3 жекпе-жек өткізу жоспарда бар. Жеңісті күнде жүздесейік. Ауырып жатқандар тез жазылып, берекелі өмір сүруін тілейміз!", - деп жазыпты спортшы. 

Еске салайық, 28 наурыз Квебекте (Канада) Әліханұлы ганалық Исса Самирге (18-0, 15 КО) қарсы жекпе-жекте WBC Continental Americas және WBO Global белбеулерін қорғау керек болатын. Алайда коронавирусқа байланысты бұл кездесу өтпей қалды.

Кейінгі рет Жәнібек рингке былтыр қарашада АҚШ-тың Фресно қаласында шығып, алтыншы раундта канадалық Альберт Онолуносені (24-3-1, 8 КО) нокаутқа түсірген.