Италиялық боксшы Этиноса Олиха (21-0, 9 КО) IBF нұсқасы бойынша финалдық іріктеу жекпе-жегінде америкалық Остин Уильямспен (18-1, 12 КО) айқастан күтпеген жерден бас тартты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Осы жекпе-жектің жеңімпазы орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер атануы тиіс болатын. Аталған белбеудің қазіргі иесі қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (20-0, 13 КО). Осылайша, қазақстандық чемпионның келесі қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз күйінде қалды.
BoxingScene мәліметінше, Олиханың жекпе-жектен бас тартуына міндетті медициналық тексеріс кезінде оның көзіне байланысты мәселелер себеп болған. Дереккөз жарақаттың ауыр емес екенін және италиялық боксшы бірнеше аптада қатарға оралуы мүмкін екенін хабарлады. Алайда бұл жағдай IBF жоспарына кедергі келтірді - енді Әлімханұлымен міндетті жекпе-жек өту мәселесі шешімсіз қалып отыр.
Уильямс пен оның Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы қазіргі таңда америкалық боксшыға жаңа қарсылас іздеуде. Промоутерлер америкалықты осы демалыс күндері жекпе-жекке шығармақ ниетте.
Ал Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белбеулерін қорғауға дайындықты жалғастырып жатыр. Ол IBF ұйымының финалдық іріктеу жекпе-жегінің жаңа күні туралы шешімін немесе өзге қарсыластың тағайындалуын күтуде.
Айта кетейік, Олиха 2023–2024 жылдары орта салмақта IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған.