Ағылшын боксының аңызы Рикки Хаттон 46 жасында көз жұмды. Оның денесі кеше, 14 қыркүйек күні таңертең Ұлыбританияның Үлкен Манчестер аймағындағы үйінен табылды, деп хабарлайды Vesti.kz talkSPORT дерегіне сүйеніп.
Полиция өкілдері бұл өлім қылмыс ретінде қарастырылмайтынын растады.
Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болған Хаттон бокспен белсенді түрде айналысып жүрген. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, ол 2 желтоқсанда БАӘ-нің Дубай қаласында Эйса Әл Дахпен кездесу үшін рингке қайта оралуды жоспарлаған. Соңғы рет "Дауыл" лақап атты британиялық боксшы 2022 жылдың қарашасында шаршы алаңға шығып, Марко Антонио Баррерамен тамаша үшін кездесу өткізіп, Манчестер жанкүйерлерімен әсерлі қоштасқан болатын.
Рикки Хаттон кәсіпқой карьерасын 1997 жылы бастаған. Ол қысқа уақыт ішінде Ұлыбританияда ғана емес, шет елдерде де үлкен танымалдыққа ие болды. 2005 жылы ол күтпеген жерден Костя Цзюді жеңіп, әлем чемпионы атағын иеленген соң британиялық бокстың ең жарқын жұлдыздарының біріне айналды.
Хаттонның жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінен көңіл айтып, оның спортқа қосқан үлесін және әлемдік бокстағы ерекше мұрасын атап өтуде.