Жарақат алған Андараде орнына Ербосынұлы чемпиондық атаққа таласуы мүмкін

©Matchroom

Супер орта салмақта өнер көрсететін Айдос Ербосынұлы (16-0, 11 КО) америкалық Деметриус Андраденің (31-0, 19 КО) орнына WBO белбеуінің "уақытша" чемпиондық атағы үшін ұлыбританиялық Зак Паркермен  (22-0, 16 КО) кездесу өткізуі мүмкін. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне дереккөз айтты. 

Осыған дейін Андраденің жарақат алып, 21 мамыр күні Дерби (Ұлыбритания) қаласында өтетін жекпе-жекке шыға алмайтыны белгілі болды. Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар айқастты кейінге шегеру туралы мәселені қарастырып отыр. Сонымен қатар, Паркерге басқа қарсылас та іздестірілуде. Қарсыласы болып қалуы ықтимал деген боксшылардың ішінде қазақстандық Айдос Ербосынұлы да бар. 

Айта кетейік, отандасымыз соңғы оқу-жаттығу жұмыстарын Сан-Диегода өткізіп, мексикалық Сауль "Канело" Альвареске (57-1-2, 39 КО) 7 мамыр күні Лас-Вегаста өтетін жартылай ауыр салмақта WBA белбеуінің иегері ресейлік Дмитрий Биволға  (19-0, 11 КО) қарсы жекпе-жекке дайындалуға көмектесті. 

Негізі Ербосынұлының өзі кубалық Давид Моррелге (6-0, 5 КО) қарсы екінші орта салмақта WBA белбеуі үшін айқасқа дайындалған еді. 

Еске салайық, Андраде орта салмақтағы WBO белбеуін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (11-0, 7 КО) қарсы қорғауы керек болатын. Бірақ америкалық салмақ ауыстырды да айқастан "қашты". Ал Әлімханұлы болса 21 мамыр күні осы ұйымның "уақытша" чемпиондық атағын ұлыбританиялық Дэнни Дэгнумға қарсы кездесуде сарапқа салады. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport