Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының (10-0, 6 КО) америкалық Роб Брантпен (26-3, 18 КО) жекпе-жегі украиналық Василий Ломаченко (15-2, 11 КО) кардындағы ең айтулы оқиға болды. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ESPN арнасының латынамерикалық редакциясының тілшісі Фернандо Барбоза осындай пікір білдірді.
"Ломаченко өз ісін жасап, рингке жарқ етіп оралды. Алайда ол Әлімханұлының көлеңкесінде қалып қойды, ал Жәнібек бокс кешінің жұлдызына айналды. Ол керемет шоу көрсетті. Қазақстандық боксшы жекпе-жекте анық басым болып, жеңіске лайықты екенін көрсетті. Жас проспекттің тәжірибелі боксшыдан осылай басым түсуі оның сөзін шынайы қабылдауға мәжбүр етеді. Бұл жігіттің болашағы зор. Ол дивизиондағы мықты боксшылардың кез келгенін жеңе алады", - дейді Барбоза.
Еске салайық, Әлімханұлы - Брант жекпе-жегі өткен демалыста Лас-Вегастағы бокс кешінде болды. Жәнібек алтыншы раундта Роб Брантты нокдаунға түсірді, ал сегізіншіден кейін америкалықтың командасы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.