Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) кәсіпқой рингтегі кезекті айқасын өткізеді. Жерлесіміздің бұл жолғы қарсыласы франциялық Хассан Н'Дам Н'Жикам (38-5, 21 КО) болмақ. Top Rank промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отырған бокс кеші АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. Бір кездері Жәнібек Әлімханұлымен ұлттық құрамада жұмыс істеген белгілі маман Мырзағали Айтжанов шәкіртінің алдағы айқасы жайлы пікір білдіріп, ақ батасын берді.
"Жәнібек өте тәжірибелі боксшымен айқасқа түсейін деп жатыр. Қарсыласы осал емес. Жәнібекке өте тыңғылықты, сақ болу керек деп оның менеджері Берік Сұлтанға айтқанмын. Жәнібекке сәлемімді жолдадым. Біздің жігіт қарулы, өте ақылды былғары қолғап шебері. Ол нағыз қазақ стилін көрсететін боксшымын деп бекерден бекер айтып жүрген жоқ. Сол себепті Жәнібектің жеңеріне күмән келтіреймін. Оған ақжол тілеймін. Құдай қаласа жеңіске жетіп, одан да мықты қарсыластармен шығуына тілектеспін. Әлі талай рет еліміздің көк байрағын желбіретеді деген ойдамын. Әр спортшының өзіне тән стилі болады. Жәнібек кәсіпқой бокста жүргенімен, кезінде әуесқойдан келе жатқан өзінің жеке стилі бар. Жәнібектің қазақша боксы бар. Ол екі қолмен де жақсы жұмыс істейді. Ақылды бокс көрсетіп, аяқпен жақсы жүре алады. Келешекте Головкин секілді демалыс күні ерте тұрып көретін боксшыларымыздың бірі. Қазірдің өзінде бүкіл қазақ Жәнібектің айқасын тағатсыздана күтіп отыр. Шәкіртіме тек қана жеңіс тілеймін", - дейді маман Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы мен Хассан Н'Дам Н'Жикам арасындағы жекпе-жектің тікелей көрсетілімін 21 қараша күні таңғы сағат 7.00 бастап Qazsport телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.