Суперорта салмақта жұдырықтасатын мексикалық боксшы Хайме Мунгия (45-2, 35 KO) франциялық Бруно Сураспен (26-1-2, 5 KO) өткен қарымтада жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Боксшылар арасындағы екінші кездесу Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтті. Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында Мексикада өткен алғашқы айқаста Сурас Мунгияны алтыншы раундта нокаутқа түсіріп, сенсация жасаған болатын. Алайда бұл жолы кездесу толық 12 раундқа созылып, Хайме Мунгия төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жетті — 116-112, 117-111, 117-111.
Осылайша, 28 жастағы Мунгия жеңісті жолына қайта оралды, ал 26 жастағы Сурас карьерасында алғашқы жеңілісіне ұшырады.
Айта кету керек, бұған дейін Мунгия қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен кездесуі мүмкін еді, алайда, мексикалық жекпе-жектен бас тартқан болатын.
Жарнама