Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мельдонийге тапсырған допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін бір жыл мерзімге шеттелді. Алайда WBO (Дүниежүзілік бокс ұйымы) қазақстандықты чемпиондық титулынан айырған жоқ, деп хабарлайды Vesti.kz.
Brunch Boxing мәліметінше, қазақстандық спортшының дисквалификация мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан басталады. Осылайша, ол биылғы желтоқсанда рингке қайта оралу мүмкіндігіне ие болады. Жәнібек жоқ кезде WBO рейтингінің көшбасшылары - Дензел Бентли (21-3-1, 17 КО) мен Энди Сааведра (17-1-1, 14 КО) - уақытша чемпиондық титул үшін жұдырықтасады. Жекпе-жек 4 сәуір күні Лондонда (Ұлыбритания) өтеді.
Шеттету кезеңінде Жәнібекке қандай болсын жекпе-жектерге қатысуға қатаң тыйым салынады. Ал дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін ол Бентли мен Сааведра арасындағы кездесудің жеңімпазымен міндетті түрде айқас өткізуі тиіс.
Еске салайық, 2025 жылдың 15 қарашасында 32 жастағы Әлімханұлы АҚШ-та Эрисланди Ларамен WBA тиулы үшін жекпе-жекке дайындық барысында допинг тесстен өте алмай қалды. Алайда бұл тест нәтижесі жекпе-жекке үш күн қалғанда, яғни 3 желтоқсанда ғана белгілі болған.
Қаңтар айында спортшының өтініші бойынша екінші сынама ашылып тексерілді, бірақ ол да оң нәтиже көрсетті.
Жарнама