Екінші орта салмаққа ауысқан қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) WBO чемпионы британиялық Хамза Ширазға (24-0-1, 19 КО) міндетті қарсылас атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.
WBO Әлімханұлының мәртебесін неге көтерді?Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Дания боксшысы Якоб Банктің үміткер мәртебесін беру туралы өтінішін қабылдамады да, кейін осындай шешімге келді. Ұйым рейтингінде Банк төртінші орында болса, Әлімханұлы екінші орында тұр.
Шешім қабылдауда қазақстандық боксшының чемпиондық тәжірибесі маңызды факторлардың бірі болды. Әлімханұлы бұған дейін орта салмақта WBO чемпионы болған және титулын бес рет сәтті қорғаған. Сондай-ақ ол IBF белбеуінің иегері Винченцо Гуальтьериді жеңіп, чемпиондық титулдарды біріктірген.
WBO көршілес салмақ дәрежесіне ауысқан кезде атақты чемпиондарға басымдық берілуі мүмкін екенін атап өтті. Ұйым бұған Александр Усик, Сауль "Канело" Альварес, Теренс Кроуфорд және Наоя Иноуэнің мысалдарын келтірді.
Әлімханұлы - Шираз жекпе-жегіӘлімханұлы мен Шираздың өкілдері екі боксшының жекпе-жегін ұйымдастыру бойынша келіссөздерді бастауы тиіс.
Егер тараптар 20 күн ішінде ортақ келісімге келе алмаса, WBO тамыздың соңфнда промоутерлік сауда тағайындайды.