Орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша чемпиондыққа міндетті үміткерді анықтайтын жекпе-жек өтетін күн мен орын белгілі болды. Бұл айқаста италиялық Этиноса Олиха (21-0, 9 KO) мен америкалық Остин Уильямс (18-1, 12 KO) кездеседі, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл жекпе-жектің Жәнібекке не қатысы бар?
2024 жылдың наурызында Халықаралық бокс федерациясы (IBF) осы екі боксшы арасында іріктеу жекпе-жегін өткізу туралы шешім шығарған. Жеңімпаз қазіргі IBF және WBO белбеулерін иеленіп отырған қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 KO) қміндетті қарсылас атанады.
Тараптар өзара келісімге келе алмаған соң, жекпе-жек промоутерлік саудаға шығарылды.
Жекпе-жектің орны мен күні белгіленді
Matchroom компаниясы (Уильямстың промоутері) Олиханың ісін жүргізетін Agon Sports ұйымынан 18 000 доллар артық ұсынып, жекпе-жекті АҚШ-тың Техас штатындағы Фриско қаласында, 19 шілде күні өткізетін болды. Бұл айқас Родригес – Кафу арасындағы кездесудің андеркартында өтеді.
Бұл шешімді IBF ресми түрде растады, деп жазады BoxingNews.
Жәнібектің жоспарын бұза ма?
IBF белбеуін міндетті қорғау Жәнібек Әлімханұлының үлкен жоспарларына кедергі келтіруі мүмкін. Қазақстандық чемпион биыл WBC титулына ие доминиканалық Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) жұдырықтасуды қалайды.
Сондай-ақ, Жәнібек WBA белбеуіне ие кубалық ардагер Эрисланди Ларамен (31-3, 19 KO) және әлемдік бокс жұлдызы Сауль Канело Альвареспен (62-2-2, 39 KO) айқасуды мақсат етіп отыр.
Жарнама