Бокс
16 қазан 12:52

Жәнібек Әлімханұлына жеңіліп көрмеген қарсылас табылды

©x.com/qazaqstyle

Жартылай орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, америкалық Джарон Эннис (35-0, 31 KO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 KO) қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай пікірді әйгілі америкалық жаттықтырушы Стивен Эдвардс білдірді, – деп хабарлайды Vesti.kz.

Эдвардстың айтуынша, Эннистің әлеуеті өте жоғары және ол жаңа салмақ дәрежесінде де үстемдік ете алады. Жаттықтырушының пікірінше, америкалық боксшы бірінші орта салмақта (69,9 кг дейін) ең мықты атануға лайық. Эннис бұл дивизионда әзірге бір ғана жекпе-жек өткізген. Ол бірінші раундта Уисму Лиманы нокаутпен жеңіп, WBA тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белбеуді иеленген болатын.

«Мен оны 69,9 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ең үздік боксшы деп санаймын. Жаңа дивизионда да кез келген қарсыласқа қарсы фаворит болар еді», — деді Эдвардс YSM Sports Media басылымына берген сұхбатында.

Сондай-ақ Эдвардс Эннистің орта салмақта (72,6 кг дейін) да фаворит бола алатынын айтты. Бұл салмақта қазіргі таңда қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы белбеулерін иеленіп отыр.

«Егер коэффициенттерді алсақ, Жәнібекпен кездесуде олар тең деп қарауға болады, бірақ бәрібір Эннис аздап басым тұрар еді», — дейді жаттықтырушы.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы анықталған. Желтоқсанда ол орта салмақтағы WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 KO) жекпе-жек өткізеді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport