Бокс туралы Х желісіндегі Don Narices Rotas аккаунты орта салмақта WBO және IBF чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (17–0, 12 КО) қандай жекпе-жек өткізу керегі туралы жазды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ақпарат көзіне сүйенсек, егер орта салмақтағы WBC чемпионы доминиканалық Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 КО) кездесу өтпесе, онда Жәнібек үшін бұл дивизионда қалған жалғыз мәні бар айқас - Теренс Кроуфордпен (42–0, 31 КО) жұдырықтасу.
"Егер Адамеспен жекпе-жек өтпейтін болса, менің ойымша, Жәнібек үшін 160 фунтқа дейінгі салмақта мәні бар жалғыз кездесу - бұл Кроуфордпен айқас", – деп жазады Don Narices Rotas.
Еске салайық, 13 қыркүйекте Кроуфорд төрешілер шешімімен мексикалық Сауль Канело Альваресті (63–3–2, 39 KO) жеңіп, екінші орта салмақта әлемнің абсолют чемпионы атанды.
Ал Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет 5 сәуірде Астанада франциялық боксшы Анауэль Нгамиссенгені (14–1, 9 KO) бесінші раундта нокаутпен жеңіп, өз титулдарын сәтті қорғап қалған болатын.